ТУБЕРКУЛЕЗДІҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Осы және өзге де туберкулез ауруына байланысты мәліметтерді №5 қалалық емхананың мамандары Ә.Молдағұлова атындағы №173 орта мектебінің оқушыларына түсіндірді. Карантиндік талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған кездесуде туберкулез ауруы туралы, дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңызы, салауатты өмір салтын дәріптеу жайы тілге тиек етілді. «Туберкулез адам мен жануарлардың әртүрлі ағзалары мен мүшелерін зақымдайтын қауіпті ауру. Ауру қоздырғышы – туберкулез микобактериясы, яғни кох таяқшасы. Туберкулез микобактериясының айырмашылығы – оның әртүрлі химиялық және физикалық әсерлерге тұрақтылығы. Сондықтан олар адам ағзасынан тыс жерлерде де, мәселен, ыдыс-аяқ, кітап беттерінде, шаң тозаң арасында, әсіресе, лас, қараңғы жерлерде 9 айға дейін өмір сүреді екен. Бірақ осы «батырымыз» күн көзінен қатты қорқады. Аурудың алғашқы белгілері: екі аптадан артық жөтелу, әлсіздіктің пайда болуы, тамаққа тәбеттің төмендеуі,•тершеңдік, дене қызуының көтерілуі, кеуденің ауруы, қақырықтан қан көрінуі. Осы аталғандардың бірі пайда болса, бірден дәрігерге көрініп, тексерілу қажет», деді дәрігер-фтизиопедиатр Зоя Абжалелова. Шара соңында оқушыларға аталмыш тақырыптарға байланысты пайдалы кеңестер жазылған үнпарақтар таратылды.
18 март 2021 ж.