ТУБЕРКУЛЕЗ ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
«Уақыт өтуде! Туберкулез ауыртпалығын төмендету бойынша 2022 жылғы мақсаттарға бірге жетеміз!» девизімен, биыл 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында облыс бойынша туберкулезге қарсы айлық ұйымдастырылуда.
Осы мақсатта №5 қалалық емханасының дәрігер-фтизиопедиатры Зоя Абжалелова, СӨСҚ мейірбикесі Сәуле Баймышева Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжіне арнайы барды. Карантиндік талаптарға сай өткізілген жиын барысында Зоя Махатжанқызы жастарға туберкулез туралы толық мағлұмат берді.
«Туберкулез – өкпе және лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл тек өкпеде ғана емес, сүйек, бүйрек, ми және ми қабықтары, тері, көз және басқа да ағзаларды зақымдайтын ауру. Мұның ішінде өкпе туберкулезі жиі кездеседі. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды. Негізі көзі – туберкулез ауруымен ауырған адам. Бұл ауру негізінен тыныс жолдары арқылы таралады», деді ол өз сөзінде.
Шарада туберкулез ауруына байланысты ақпараттар топтастырылған арнайы үнпарақтар таратылып, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға кәсіби маманнан тұшымды жауап алынды.