ҮЗДІК ЭССЕ
#Үздік_эссе
#5_қалалық_емхана
#Мейіргерлер_сайысы
Бірінші кезең бойынша ҮЗДІК эссе жазып көзге түскен №5 қалалық емхананың Қызылжарма бөлімшесінің мейірбикесі Жанерке Базарбектің материалын назарларыңызға ұсынамыз.⤵
МЕНІҢ МАМАНДЫҒЫМ - МАҚТАНЫШЫМ!
Жаңақорғандағы біздің Екпінді ауылы қазақтың қаймағы бұзылмаған берекелі мекендерінің бірі. Өйткені әлі күнге дейін адамдары бір-бірімен жиі көрісіп, есендесіп, шүйіркелесіп тұрады.
Ал біздің бала кезімізде әжелеріміз жиі-жиі бас қосып, тағылымды тарих, шежіре, өнегелі әңгімелер айтып, жиынның көркін қыздыратын. Қыздың көзі – қызылда. Десе де, құлағымыз әңгімеге елеңдеп тұрыда емес пе? Ойнап, күліп, шуылдап жүрсек те әжелеріміз айтқан сөздерге құлағымыз түрік болатын. Олар ауылдың жаңалықтарын айтса да, ешкімнің көңіліне тимей, мақтай отыратын.
- Түу, анау Сармойын қайынағамыздың жаңа түскен дәрігер келінінің қолы алтын екен, дейді көрші әжей. Уколды үш салғанда белім жазылып, аурудан айығып кеттім.
- Иә, өзі иманжүзді, піскен бауырсақтай көрегенді бала, деді менің әжем.
- Ойпырым-ай, өзінің биязылығын айтайын, періште ғой, укол салғанын тіпті сезбей қаламыз, деді қарама-қарсы беттегі ісмер әже.
Иә, біз де сол ауылдас дәрігер апайды танимыз. Қашан көрсең де үстінде ақ халаты, басында ақ қалпағымен аппақ болып жүретін. Менің сәби кеудемде «Мен де өскенде осы апайдай дәрігер болсам, мені де әжелерім мақтап отырса» деген арман туындады. Осы бала қиял мені мектеп қабырғасында жүргенде де менен алыс кетпеді. Сыныбым жоғарылап, мектепті бітіргеннен кейін бала арман мені жетектеп, Түркістан жоғары колледжіне алып келді. Қиындығы мен қызығы мол студенттік үш жыл үш күндей өте шықты.
Міне, 2017 жылдан бері Қызылордадағы №5 қалалық емхананың Қызылжарма бөлімшесінде мейірбике болып қызмет атқарып келемін.
Шіркін-ай, менің бала кездегі мейірбике апайымдай мені де асыл әжелерім мақтаса ғой деймін қиялданып. Мен өз мамандығымды мақтан етемін. Адам жанының арашашы болу – ең қиын да, қасиетті мамандық, себебі.