БАЛАНЫ ҚОСЫМША ТАМАҚТАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ...
Сәби өмірге келгеннен кейінгі алғашқы жыл аса маңызды. Себебі, осы кезеңде бала денсаулығының «іргетасы» қаланады. Мамандардың айтуынша, нәресте 6 айлық болғанда қосымша тамақтандыра бастау қажет.
№5 қалалық емхананың баланы дамыту кабинетінің мейірбикесі Арайлым Сырлыбаева пациенттерге баланы қосымша тамақтандырғанда нені ескеру керектігін түсіндірді.
«Сәбиге езбе, ботқа, түрлі жемістер мен көкөністер бірден ұнай қояды деп ойламаңыз. Оның жаңа дәмге үйренуіне уақыт беріңіз. Егер сәби қандай да бір тамақты ішуден бас тартса, қинамаңыз. Өзіңіз тамақтың дәмін татып көріңіз және қандай дәмді екенін балаға көрсетіңіз. Әуелі жарма тағамдар, жемістер мен көкөністер, содан кейін ет беріңіз. Қосымша тамақты шай қасықпен бере бастаңыз, көлемін біртіндеп көбейте беріңіз. Сонымен қатар, балаға берілетін тағам отбасы дастарханындағы мәзірден болу керек», деді А.Сырлыбаева.
5-6 айлық жастағы балаға қосымша тамақ беру ішек жұмысын жақсартуға көмектеседі, ағзаны энергия, нәрлі заттармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, баланы жаңа тағам түрлерін қабылдауға үйретіп, омыраудан шығаруға дайындайды.
Ескеретін жайт, сәбиге қандай да бір жаңа тағамды беріп үйреткен кезде оның реттілігі мен мерзімдері және т.б туралы дәрігерден кеңес алу артық етпейді.